Енді ұрып-соғудың бәрі қылмысқа жатады. Жауапкершілік қатаң болады. Сәбилерді өлтіргендер мен педофилдер Қазақстандағы ең ауыр жазаға тартылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде жазды.
— Бүгін Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балаларды қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жаңа заң жобасының таныстырылымы өтті. Криминализация дегенде, ол тек ғана әйелдерге қатысты норма емес екенін айтуымыз керек. Жалпы, енді бір адам екінші адамды ұрып-соқса немесе денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, оның жазасы әлдеқайда қатаң жауапкершілікке Қылмыстық кодекс шеңберінде қарастырылатын болады, — дейді депутат.
Бұған қоса, мысалы, ол азамат жұмыс бойынша міндетін атқару кезінде ұрып-соғуға іліксе, онда жаза тіпті одан да қатаң болады.
Сәбилерді өлтіргендер мен педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды да ұсынылды. Бұрынғы 20 жылға қамауға қарағанда бұл қатаң жаза.
Балалар үйі мен балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын-ала ескертпей ақ, кез келген уақытта оларды тексеру ұсынылды. Депутаттар сондай-ақ балаларға арналған жазғы лагерьлерді де лицензиялау туралы ұсыныс берді.
Суицидті насихаттау үшін немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу де ұсынылды.
Асхат Қанатұлының айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру де ұсынылған.
Қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгілеу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар заң жобасында Отбасы институтын нығайту бойынша Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге негізделген қағидаттарын бекіту нормалары қарастырылды.
— Осы заң жобасын даярлау кезінде түрлі ұсыныстар берген Қоғамдық палата мүшелеріне, Парламентаризм институтына, Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиеваға алғыс айтамын, — деп жазды А. Аймағамбетов.